Бүгін Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп-гимназия кітапханасында «1937–1938 жылдары Қазақстандағы жаппай репрессиялау шаралары және оның салдары: ұлттық интеллигенцияның қиын тағдыры құжаттарда» тақырыбында тарих пәні мұғалімдерінің қатысуымен танымдық іс-шара өтті.
Іс-шара 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылды. Кездесу барысында қазақ зиялыларының тағдыры, сталиндік репрессия жылдарындағы тарихи шындықтар мен ұлт руханиятына тигізген зардаптары кеңінен талқыланды.
Мектебіміз есімін иеленген Міржақып Дулатұлы – қазақ халқының азаттығы жолында күрескен көрнекті Алаш қайраткері, ағартушы, ақын, жазушы, публицист. Ол қазақ елінің тәуелсіздігі мен рухани дамуы үшін аянбай еңбек етіп, ұлт санасын оятуға зор үлес қосты. «Оян, қазақ!» еңбегі арқылы халықты білімге, бірлікке, еркіндікке үндеді.
Міржақып Дулатұлы Алаш Орда үкіметінің белсенді мүшесі ретінде ел болашағы үшін күресіп, ұлттың мемлекеттілік идеясының қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Алайда кеңестік қуғын-сүргіннің құрбанына айналып, жазықсыз айдауға жіберіліп, жер аударылды.
Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы жас ұрпаққа ұлт тарихын таныту, Алаш арыстарының мұрасын дәріптеу және тарихи жадымызды сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз.
https://www.instagram.com/p/DY6ZTRrDUzc/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==





